Кедей жақсы, бай жаман дейтін принциптен арылуымыз керек – Айдос Сарым

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Айдос Сарым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі байларға салық мөлшерлемесін көтеру ұсынысына пікір білдірді.

Айдос Сарым
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айта кетейік, “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі байлық иелері үшін салық бойынша жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келгенін айтқан еді.

Депутаттың айтуынша, Үкімет салық заңнамасына енгізілетін түзетулерді таяу күндері дайындап, Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынады. Сол кезде салық салуға қатысты барлық мәселе қаралады.

- Кедей жақсы, бай жаман дейтін принциптен арылуымыз керек. Бірақ байлықтың да әділетті өлшемі болу тиіс. Мысалы металдарды, мұнайды алайық. Кей кездері бағасы шарықтап өсіп, кейде түсіп кететін заман болады. Сол кезде компаниялардан алынатын салықтар бар. Сол сияқты бағыттарды дискуссия арқылы келістіріп шешуге болатын сияқты. Сонымен қатар бұл бюджетке тағы да қосымша қаржы тартудың бірден-бір жолы, - деді ол.

Сонымен қатар депутат ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі бұған дейін Парламент қабырғасында көтерілгеніне назар аудартты. 

- Ол кезде Үкімет «Президенттің Жолдауын күтейік» дегендей ишарат жасаған болатын. Бүгін нақты шешімін көріп отырмыз. Бұл - жүздеген мың, миллиондаған адамның өміріне, тұрмысына жақсы әсер ететін, экономикаға жаңа қарқын беретін жақсы қадамның бірі, - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс.