Кедейлік жас демократияны тұқыртпауы үшін біз алдымен экономиканы дамыттық - Елбасы
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кедейлік жас демократияны тұқыртпауы үшін біз алдымен экономиканы дамыттық.
Бүгін Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Қазақстанның тұрақтылығы - бұл ең алдымен елдің тұрақты дамуы. Біз кедейліктің жас демократияны тұқыртпауы үшін алдымен экономиканы дамытуды қолға алдық. Сонымен қатар, қазақстандық қауымдастықтың берік іргетасы барлық 140 этнос пен 46 діни конфессиялардың толеранттығы мен бейбіт өмірі, өзара келісімде тіршілік кешуі болды. Біз бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Сонымен қатар, біз Батыс құндылықтары мен Шығыс дәстүрлерін үйлестіре алдық», - деді Елбасы Н. Назарбаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы өз тарихында «қырғиқабақ соғыстың» зардабын тартты. «Бұл ең алдымен қасіретті Семей ядролық полигоны болып табылады. Менің полигонды жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы Жарлығым жалпыеуропалық үдеріске Қазақстанның қосқан бастапқы үлесі болды», - деді Н. Назарбаев.