18:27, 08 Желтоқсан 2011 | GMT +5
«KEGOC» АҚ басшысы компания қызметтерінің бағасы электр энергиясы тарифінің өсуіне ықпал етпейтіндігін айтты
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - «KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, компания қызметтерінің бағасы тұтынушыларға жеткізілетін электр энергиясының тарифіне мүлдем дерлік әсер етпейтіндігін мәлім етті.

Бұл туралы ол Bnews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында айтты.
«KEGOC» компаниясының электр энергиясын беру бойынша қызметінің бағасы тұтынушыларға жеткізілетін энергия құнының 10 пайызға жетер-жетпесі ғана. Бұл аса болмашы және ол электр энергиясының соңғы құнына әсер ете алмайды», - деді Б.Қажиев.
Ол, ҚР Үкіметінің 2015 жылға дейінгі қаулысында стансылардағы шекті тарифтер бекітілгендігін еске салды. «Бұл электр энергиясын шығару үшін инвестицияларды тартуға қажетті. Әйтпесе алдағы жылдары бізде тапшылық болуы мүмкін», - деп түйіндеді «KEGOC»-тың төрағасы.