«KEGOC» АҚ «Мойнақ СЭС қуат беру» жобасына байланысты қоғамдық тыңдау өткізді
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін «KEGOC» АҚ «Мойнақ СЭС қуат беру» жобасының қоршаған ортаға тигізер әсерін алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«KEGOC» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері өз жобаларының алғашқы таныстырылымын өткізді. Оған үкіметтік емес ұйымдар, Балқаш-Алакөл экология департаментінің және Балқаш-Алакөл су-бассейні басқармасының мемлекеттік инспекциялары, Алматы облысының Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек және Талғар аудандары атқарушы органдарының өкілдері қатысты.
«Құрылыс мерзімі 2010-2011 жылдарға жоспарланып отырған «Мойнақ СЭС қуатын беру» жобасының құны 10 млрд. теңгені құрап отыр. «Мойнақ СЭС Алматы облысы Райымбек ауданында, Шарын өзенінінің жағасында орналасқан. 300 мегеаваттық СЭС-ті салу арқылы Алматы облысындағы электр қуатының тапшылығын азайтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар, Алматы энергия торабының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттырамыз. Осы жоба бойынша қоғамдық тыңдау «Шелек» және «Робот» қосалқы стансыларын қайта жаңалау және кеңейтумен байланысты жүргізіліп отыр. Ал жобаланатын қосалқы стансылар айрықша қорғалатын табиғи аумақта орналаспаған», дейді «KEGOC» АҚ құрылыс департаментінің директоры Ермаханбет Атақұлов.
Жобаларды қаржыландыру Халықаралық Қайта құру және даму банкінің несиесімен және «KEGOC» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ