«KEGOC» АҚ-ның өткен жылғы табысы 64,8 млрд. теңгені құрады
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «KEGOC» АҚ-ның өткен жылғы табысы 64,8 млрд. теңгені құрады.
Бұл туралы бүгін елордада аталған компанияның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.
«Өткен жылы компанияның табысы 64,8 млрд. теңгені, оның ішінде негізгі қызметтен түскен табыс 54,8 млрд. теңгені құрады. 2010 жылмен салыстырғанда табыс 29 пайызға немесе 14,7 млрд. теңгеге артты, оның ішінде негізгі қызметтен түскен табыс 23 пайызға ұлғайып, 10,4 млрд. теңгеге жетті», - деді Б.Қажиев.
Оның атап өтуінше, компания табысының өсуі негізінен көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына және Ресей Федерациясынан электр энергиясы транзитінің артуынан орын алған. Мәселен, ағымдағы жылы Ресей электр энергиясы транзитінің көлемі 2,3 млрд. теңгеге артып, 5 млрд. теңгені құраған. Ал басқа да компанияның табыстары 10 млрд. теңгеден асып жығылады. Бұл реттегі өсім 74 пайызға немесе 4,3 млрд. теңгеге тең.
«2011 жылғы компанияның шығыстары 54,2 млрд. теңгені құрады. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 13,2 млрд. теңгеге артық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания 4,6 млрд. теңге көлемінде тарихи рекордтық табыс алды. Бұл өткен кезеңдегі көрсеткіштен 1,850 млрд. теңгеге жоғары. Жұмыс қорытындысы бойынша компания 2012 жылы жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» қорына дивиденттер түрінде 1,147 млрд. теңге төлеуді болжап отыр», - деді ол.