«KEGOC» акционерлеріне дивидендтерді инфляциядан жоғары қамтамасыз ету үшін тарифтік реттеу параметрлері өзгертіледі

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - «KEGOC» акционерлеріне дивидендтерді инфляциядан жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін тарифтік реттеу параметрлері өзгертіледі.

«KEGOC» акционерлеріне дивидендтерді инфляциядан жоғары қамтамасыз ету үшін тарифтік реттеу параметрлері өзгертіледі

Бұл туралы бүгін Астанада «Халықтық ІРО»: нәтижелері мен келешегі» бағдарламасының бірінші кезеңі» атты дөңгелек үстелде «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.

«Бідің компанияны ІРО-ға даярлау барысында халықаралық консультанттармен біршама олқылықтар айқындалды. Мәселен, қолданыстағы тарифтік реттеу параметрлері келешек инвестордың ең кемі инфляция немесе депозит деңгейінен жоғары дивиденд алуы үшін жеткіліксіз. Осыған орай, Ұлттық әл-ауқат қорымен, табиғи монополияларды реттеу агентттігімен бірлесе отырып, компанияның ортамерзімді перспективада табысын жоғарылатуға септігін тигізетіндей тарифтік реттеу параметрлеріне өзгерістер енгізу қажет», - деді Б.Қажиев.

Оның сөзіне қарағанда, «Халықтық ІРО» бағдарламасына «KEGOC» АҚ ең бірінші болып шығарылуы тиіс еді. Алайда, дәл осы себеппен компания акцияларын шығару кейінге қалдырылды. «Қазіргі таңда табиғи монополияларды реттеу агенттігімен компанияның негізгі қаражаттарын қайта бағалау туралы келісім жасалды. Бұл олардың ұзақмерзімді келешектегі нақты құнын айқындауға және экономикалық негізделген тарифтер қалыптастыруды қамтамасыз етуге септігін тигізеді», - деді ол.