KEGOC БҰҰ-ның Жаһандық келісімшартына қосылды
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - KEGOC БҰҰ-ның Жаһандық келісімшартына қосылды. Бұл туралы Халықтық IPO бағдарламасының ресми сайты хабарлады.
«KEGOC» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, аталмыш қадам компанияның Қазақстандағы корпоративтік басқару саласында көшбасшылардың бірі болып қала беру ниетінің салмақтылығын айғақтайды.
«Біз әрдайым әлемдегі үздік тәжірибеге сәйкес болғымыз келеді, сондықтан да орнықты дамуға жәрдемдесу жөніндегі ерікті бастаманы және компанияның жауапты азаматтық позициясын білдірдік», - дейді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.
БҰҰ-ның Жаһандық келісімшарты өз қызметін адам құқы, еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау және жемқорлықпен күрес саласындағы он қағидатқа сәйкес жүргізгісі келетін іскер топтардың өкілдеріне арналған.
«KEGOC» аталмыш құжатқа қосылған Қазақстанның 24-ші компаниясы.