KEGOC Орталық Азия елдерімен электр қуатын реттеу бойынша келісімді бекітті
«KEGOC» АҚ электр қуатын реттеу бойынша Орталық Азия елдерімен 1,5 млрд киловатт-сағатқа келісімшарт бекіткен. Артылған уақытта Қазақстан Орталық Азия елдеріне электр қуатын береді. Бұл туралы компания басшысы Нәби Айтжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бізде Орталық Азия жүйелерімен жоспардан тыс қуат бойынша шарттар жасалды. Қазір артылған уақытта электр қуатын Орталық Азия елдеріне береміз. Біз жылыту маусымының соңына дейін, яғни сәуір айына дейін 1,5 млрд киловатт-сағатқа шарт жасастық», - деді Нәби Айтжанов елордада өткен брифингіде.
Кестеге сәйкес, Қазақстан жоспарланған көлемді орындайды және осылайша Орталық Азияның барлық энергетикалық жүйесін қолдайды.
«Яғни, бұл өзара көмек аясындағы жұмыстар. Қуаттылықты реттеу бойынша қырғыз станцияларымен қосымша шарттар жасалды. Қазір жылыту маусымында қарбалас сағаттарда жетіспейтін электр энергиясын сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ және «KEGOC» АҚ 28 қыркүйек пен 2 қараша аралығында өткен Қазақстан қор биржаларында акцияларды қайталама орналастыру (SPO) қорытындысын жариялады.
Инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл орналастырудың жоспарланған көлемінен 1,5 есе артық.