«Кекшілдер» АҚШ-тың кассалық фильмдерінің үздік үштігіне енді
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Биыл жарыққа шыққан «Кекшілдер» ("Мстители") фильмі АҚШ прокатының тарихында ақша жинаудан «Аватар» мен «Титаниктен» кейін үшінші орынға табан тіреді. Бұл туралы lenta.ru жазады.
Walt Disney студиясы шығарған фантастикалық фильм сәуірден бері 1,438 млрд. доллар жинап үлгерген (оның 600 миллионы АҚШ-та).
Картинаның бюджеті 220 млн. долларды құраған. Сарапшылардың болжамы бойынша ол «Титаниктің» түпнұсқасын басып озуы ғажап емес, алайда оның жаңадан шыққан 3D форматтағы нұсқасын қуып жетуі неғайбыл.
«Кекшілдер» фильмінде Marvel комикстерінен жақсы таныс Темір адам (Железный человек), Капитан Америка, Тор және Халк сияқты кейіпкерлер бірге жүреді. Оларды және басқа кейіпкерлерді Крис Эванс, Марк Руффало, Роберт Дауни-кіші, Скарлетт Йоханссон, Крис Хемсворт, Сэмюэл Л. Джексон сияқты танымал актерлер сомдаған. Картинаның режиссері Джосс Уидон.
2009 жылы шыққан «Аватар» әлемдегі ең кассалық фильм болып қала бермек. Ол 2,782 млрд. доллар жинаған. Екінші орында «Титаник» (1997) - 2,185 млрд. доллар.