Келер айдан бастап Өзбекстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим орнайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Қытай арасындағы 30 күндік визасыз режим туралы келісім биыл 1 маусымда күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Келер айдан бастап Өзбекстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим орнайды
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ресми Ташкент пен Бейжің арасындағы өзара визалық талаптарды алып тастау туралы үкіметаралық келісім аясында жүргізілген ішкі рәсімдер аяқталды.

- Келісім 2025 жылы 1 маусымда күшіне енеді. Мемлекеттердің аумағында болу мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Егер 30 күннен асса, онда азаматтар алдын ала виза ресімдеуі қажет, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Министрліктен атап өткендей, аталған келісім Қытайдың Гонгконг пен Макао сияқты арнайы әкімшілік аудандарының аумағына бару үшін қолданылмайды.

Еске салайық, былтыр қарашада Өзбекстан мен Қытай визасыз режим орнатуға мүдделі екенін хабарлап едік. Көп ұзамай, яғни 1 желтоқсанда Өзбекстан мен Қытайдың Сыртқы істер министрлері азаматтарға 30 күн ішінде визасыз қос елге баруға мүмкіндік беретін келісімге қол қойды.

Биыл қаңтарда БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Uzbekistan Airways компаниясы төрағасының орынбасары Шухрат Ядгаров Өзбекстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізуге бағытталған келісім биыл наурыздан кейін күшіне енуі мүмкін екенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар