Келер жылы Ақтөбе өңірі 3 трлн теңгенің өнімін өндіреді — Асхат Шахаров
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров келер жылы өңірдің экономикалық өсімін кемінде 105% деңгейінде қалыптастыру жоспарланып отырғанын айтты.
— 2026 жылы өнеркәсіп саласында 3 трлн теңге көлемінде өнім өндіретін боламыз. Сондай-ақ Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргіземіз, — деді Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, келесі жылы нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 85%-ға жеткізіледі. Сондай-ақ халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жалғасады.
— Келер жылы 2 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 3 өтпелі жобаны аяқтаймыз. Сонымен қатар 3 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді ол.
Тұрғын үй саласында барлық қаржыландыру көздерінен 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім беру нысандарын салу бойынша да маңызды бастамалар бар.
— Алдағы жылы шалғай ауылдарды білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету үшін 3 300 орындық 12 жаңа мектептің құрылысы басталады, — деді облыс әкімі.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ірі жоба жүзеге асады.
— Республикалық қаражат есебінен облыс орталығында Облыстық қан орталығының құрылысы басталады. Сонымен бірге 4 аудандық ауруханаға қосымша ғимарат салу және 8 нысанда күрделі жөндеу жұмысын жүргізу көзделген, — деді Шахаров.
Сонымен қатар келер жылы ірі спорт және мәдени нысандардың құрылысы да жалғасын таппақ.
— 35 мың орындық футбол стадионының, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің және жаңа драма театрдың құрылысы жалғасатын болады, — деді өңір басшысы.
Бұған дейін Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 82%-ға жеткізілетінін жаздық.
Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 892 млрд теңге инвестиция салынғаны хабарланды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген.
Сонымен қатар, биыл Ақтөбеде 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.