Келер жылы Алматы экономикасының өсуі 6,4% деңгейінде болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Қала басшысының сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2022 жылдың қыркүйегінде қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаты — Алматыны тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру.
— Биыл Алматыда 2023 жылы рекордтық экономикалық өсімді ескере отырып, экономикалық дамудың жоғары қарқыны 9,7% деңгейінде сақталып отыр. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Алматының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 6,6%-ға дейін жеделдеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасының өсуі 5,5% деңгейінде болжанады, 2025 жылы өсім 6,4%-ға дейін артады, — деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, 2023 жылы қала экономикасы 10,1 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жеткен еді. Бұл кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Ерболат Досаев Алматы экономикасының басты драйвері шағын және орта бизнес екенін тілге тиек етті. Қазір бұл салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 85 пайыздан астамы немесе 942 мыңға жуық алматылық жұмыс істейді.
— Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мақсатында 2024 жылы бюджеттен 1,8 мың жаңа жобаны қолдау үшін 53 млрд теңге бөлінді, ал 2025 жылға 71 млрд теңге жоспарланған. Бұл шағын және орта бизнестің тағы 2 мың жаңа жобасын қолдауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесін 2024 жылғы 60%-тен 2030 жылға қарай 75%-ке дейін арттыру, — деді ол.
Осылайша, Алматы өзінің тұрақтылығы мен жоғары әлеуеті бар Орталық Азияның жетекші экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастыра бермек.