Келер жылы күш құрылымдарының шығыстары 2,7 трлн теңге сомасында белгіленді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 2,7 трлн теңге көлемінде болады. Бұл туралы Мәжілісте «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты.
«Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін жетілдіруге, байланыс, аэроғарыш саласын дамытуға және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға 3 жылдық кезеңге 385 млрд теңге сомасында қаражат көзделген, оның ішінде 2025 жылға – 123 млрд теңге», - деді А. Бейсенбекұлы.
Бұдан бөлек ол 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланғанын айтты. Жалпы, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты қолдау жөніндегі іс-шаралар толық көлемде жүзеге асырылады.
«Үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге шығыстар 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланды. Бұл көлем Мемлекеттік қаржыны басқарудың тұжырымдамасы аясында қарастырылған бюджеттік ережеге сәйкес келеді. Шұғыл шығындарды қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою үшін Үкімет резервіне шамамен 400 млрд теңге бағыттау ескерілген. Мемлекет басшысының бастамаларына 100 млрд теңге қарастырылды», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары артады.