Келер жылы Өзбекстан мемлекеттік бюджеттің 55% әлеуметтік салаға бағыттамақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Сенаты республиканың «2026 жылға арналған мемлекеттік бюджеті туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылы мемлекеттік бюджет шығыстары — 402,6 трлн сум (шамамен $33,4 млрд), бұл ретте кірістер 368,9 трлн сум ($30,6 млрд) шамасында болады. Инфляция — 7%, ал бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан аспауы тиіс.
Мәлім болғандай, келер жылы мемлекеттік бюджеттің 55%-ы немесе 220 трлн сум ($18,3 млрд) әлеуметтік салаға бағытталады. Сондай-ақ, білім беру секторына 100 трлн сум ($8,3 млрд) және денсаулық сақтау саласына 49 трлн сум ($4 млрд) бөлінеді, бұл биылмен салыстырғанда 11,4%-ға көп.
Еске салайық, 1 қазандағы жағдайға сәйкес, Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 43,9 млрд долларға жетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан көлеңкелі экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 29%-ға дейін төмендетуге ниетті. Таяуда Өзбекстан экономикасының 8,3 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отырғанын жазып едік. Осылайша, ол ішкі жалпы өнімінің 33,3 пайызына теңеліп отыр.