Өзбекстан көлеңкелі экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 29%-ға дейін төмендетуге ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте ел экономикасының көлеңкеде қалып отырған қаражатын статистика органдары тарапынан толық бақылауға алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Көлеңкелі экономиканың үлесі 2017 жылғы 50 пайыздан 2024 жылы 35 пайызға дейін қысқарды. Таяу болашақта тағы 79 трлн сумды статистика органдарымен бақылауға алу жоспарланып отыр. Тиісінше, көлеңкелі экономиканың ішкі жапы өнімдегі үлесі 29 пайызға дейін төмендейді, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Былтыр Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі 115 млрд долларға бағаланған еді. Алайда, Ұлттық статистика комитеті қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларына қосымша есеп жүргізе отырып, қамтылмай қалған 81 трлн сумды анықтады. Осылайша, былтыр көршілес елдің экономикасы 115 млрд доллардан 121,4 млрд долларға дейін өсті.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан экономикасының 8,3 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отырғанын жазып едік. Осылайша, ол ішкі жалпы өнімінің 33,3 пайызына теңеліп отыр.
Сонымен қоса, 2023 жылы көлеңкелі экономикадан Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне $2,4 млрд залал келді.
Былтыр Өзбекстанның Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров елдегі көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 25-тен 45 пайызына дейінгі аралықта екенін мәлімдеп еді.