Келер жылы Үкімет қандай заң жобаларын әзірлейді

заңнама
Фото: Kazinform

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Үкіметтің 2024 жылға арналған жоспар жобасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Министрдің айтуынша, жоспар жобасы мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде әзірленді және 21 қыркүйекте заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда мақұлданды.

«Бастапқыда жоспар жобасында 16 заң жобасын әзірлеу көзделген еді. Бүгінгі күні жоспарға шамалы өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Парламент депутаттарының ұқсас Заң жобасына бастамашылық жасағанына байланысты тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша заң жобасы жоспардан алып тасталды. Архив ісі және мәдениет мәселелері бойынша және «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» заң жобалары қосымша енгізілді», - деді А. Есқараев Үкіметтің қорытынды отырысында.

Министр айтқандай, жоспарда 18 заң жобасын әзірлеу көзделген, оның ішінде Парламентке бірінші жартыжылдықта 3, екінші жартыжылдықта – 15 заң жобасын енгізу жоспарлануда.

Аталған заң жобаларының консультативтік құжаттары ведомствоаралық комиссияда мақұлданған.

Бұған дейін А. Есқараев мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын нашар жоспарлағанын сынға алған еді.

«2024 жылы 18 заң жобасын әзірлеу қажет болады. Олардың ішінде жаңа Цифрлық кодекс жобасы, сондай-ақ инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы ерекше маңызды. Аталған заң жобаларының қабылдануы IT-саланы дамытуға, перспективалы стартаптар санын ұлғайтуға, қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Білім және ғылым саласын дамыту, сондай-ақ университеттерді орнықты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Нысаналы капитал қоры туралы заң жобасы әзірленеді.

Құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жаңа Заң жобасы арқылы кәсіби әдептілікті тексеру институты енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар