Келер жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетіледі
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды шығарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасының мақсаты туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасайды. Жұмыс тобындағы енгізілген толықтырулар жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Светлана Ферхо түсінік береді.
Бұл заң жобасы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауына сәйкес әзірленген.
Заң жобасында көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау шартын өзгерту, төртінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақылардың мөлшерін арттыру ұсынылып отыр.