Келер жылдан бастап елімізге әкелінетін электронды техникаға баж төмендей бастайды
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап елімізге әкелінетін электронды техникаға баж салығы төмендей бастайды. Бұл туралы бүгін Кеден ісін жетілдіру мәселелері жөніндегі консультативтік кеңесте Кедендік бақылау департаментінің кедендік кірістер басқармасының өкілі Жасұлан Есмұханов мәлім етті.
Оның айтуынша, тұрмыстық техника мен электроникаға баж салықтары өзгермейді, бірақ кейбір позициялар бойынша 2013 жылдан бастап біртіндеп төмендейді. Атап айтқанда, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұялы телефондарға баж салығы қазіргі 5 пайыздан 0-ге дейін төмендейді. Техниканың басқа түрлері бойынша да баж салықтары төмендетіледі.
«Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдаған шешім бойынша қазіргі кезде 5-10 пайыз құрап отырған телекоммуникациялық жабдықтарға баж салықтары 2013-2015 жылы 0-ге теңестіріледі. Қияр әкелуге баж салығы 15 пайызға дейін төмендейді, бірақ жыл бойы 1 келі үшін 0,08 еуродан кем болмайды. Ол 16 мамырдан 31 қазанға дейін 15 пайыз болып, 1 келі үшін кем дегенде 12 еуроны құраған болатын», - дейді Ж. Есмұханов.
Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссияның 2012 жылдың шілдесіндегі шешімі бойынша баж салығы асықпай төмендетілетін тауарлар арасында құс етіне - 8 жыл, жеңіл автокөліктер, тікұшақтар мен азаматтық ұшақтарға - 7 жыл белгіленген.