Келер жылдары экономика өсімі жеделдейді - Ғалымжан Пірматов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,5-3,5 пайыз болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келер жылдары экономика өсімі жеделдейді - Ғалымжан Пірматов
«Биылғы жылғы 7 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,3%-ды құрады. Қашағандағы жөндеу жұмыстарының және Каспий құбыр консорциумындағы өндірістік процестерде сақталып отырған іркілістердің салдарынан елдегі мұнай өндірісінің қысқаруы нәтижесінде экономика өсімінің баяулауы байқалып отыр. Экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және көлік салалары оң үлес қосты», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсуіне негізгі қозғаушы күш ретінде құрылыс саласы серпін беріп отыр.

«Экономикалық белсенділіктің баяулауы, Каспий құбыр консорциумындағы жұмыс бойынша жағдайдың белгісіздігі, сондай-ақ қалған екі ірі кен орындарында жоспарланған жөндеу жұмыстары жағдайында 2022 жылы экономиканың өсуі шамалы төмендеу жағына қарай қайта қаралды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,5-3,5 пайыз болады. Қалыптасқан жоғары баға конъюнктурасы мен жыл соңына таман мұнай өндірісінің өсу қарқынын қалпына келтіру аясында ішкі сұраныстың барлық компоненті мен нақты экспорт оң үлес қосуды жалғастырады», - деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің ұлғаюы нәтижесінде экспорт көлемі артып, экономика өсімі жеделдейді. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 4-5% деңгейінде бағаланып отыр. Ал 2024 жылы ЖІӨ өсімі осындай деңгейде сақталуы мүмкін.