Келер жылға дейін ел аумағынан қолма-қол рубльді әкетуге рұқсат берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов «ҚР қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне Қазақстан аумағынан қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат етілсін. ҚР Қаржы министрлігі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы қаулыны іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады», - деп жазылған Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойған Үкімет қаулысында.
Еске салайық, былтыр да екінші деңгейлі банктерге қолма-қол Ресей рублін бір реттік тәртіппен 60 күн ішінде Қазақстан аумағынан әкетуіне рұқсат етілген еді. Онда Ұлттық банк мұндай бастама рубльді қолма-қол ақшасыз формаға конвертациялау және банктердің корреспонденттік шоттарын толтыру мақсатында ұсынылғанын түсіндіріп еді.