Келер жылы 90 жасқа толатын С. Зимановтың құрметіне мәдени шаралар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылса игі - И. Елекеев
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Келер жылы 90 жасқа толатын С. Зимановтың құрметіне мәдени шаралар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылса игі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ирақ Елекеев Премьер-Министрден осы мәселеге қатысты қолдау білдіруді сұрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«С. Зиманов Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, республикадағы және Орталық Азия аймағындағы ұлттық мемлекет және ұлттық-мемлекеттік құрылыс теориясы мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағытты қалыптастырушы. Оның құқық және заң шығару ісінің аса маңызды теориялық және методологиялық мәселелерін зерттеуге арналған еңбектері де айрықша құнды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге белсене атсалысқан дарынды заңгер. Ол Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тармағы демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. Осындай елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтың ортамызда жүргенінің өзі береке. Оның өмір жолы - өскелең жастарға үлгі. Келер жылы Салық Зиманұлы 90 жасқа толады. Қазір он айдай уақыт қалды. Осы орайда оның туған күніне байланысты мәдени шаралар, ғылыми конференциялар өткізу мәселесі алдын ала Мәдениет, Әділет, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктерінің жылдық жоспарларына енгізілгені жөн деп ойлаймын», деді депутат И. Елекеев.
Мемлекет және қоғам қайраткері Салық Зиманов 1921 жылы ақпанның 19-ында туған. Соғысқа дейін мұғалім болып еңбек етті. 1940 жылы Салық Зиманұлы әскер қатарына шақырылады. Ал Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Бас Кавказ жотасында жаудың жолын бөгейді. Бұдан кейін Кеңес Одағы әскерінің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қалаларын азат етуге, Данциг, Кенисберг қалаларын алуға қатысқан. Осылайша Берлинге де жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Полк штабының бастығы болған гвардия майоры Салық Зимановтың майдандағы ерлік жолы І-інші және ІІ-інші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен, соның ішінде «Кавказ қорғанысы үшін» медальмен бағаланған. Соғыстан кейін Бүкілодақтық заң институтының Қазан филиалын және КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын ойдағыдай тәмамдады. С. Зиманов - заң ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Ғылым Академиясының академигі. Ол - көрнекті юрист-теоритиктердің бірі, танымал мемлекет зерттеушісі, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, қазақтың әдет-ғұрып құқығының білгірі, әрі республикадағы философия мен құқық ғылымын, сондай-ақ оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы.