11:56, 12 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Келер жылы Астанада 8 жаңа балабақша салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жылы Астанада 1800 орындық 8 балабақша мен 3600 орындық 3 мектеп салынады. Бұл туралы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов Астана қаласы мәслихатының 45-ші сессиясы барысында мәлімдеді.
Жоспарға сәйкес, алдағы жылы елордада әлеуметтік нысандар құрылысы жалғасады. Білім ұйымдарынан басқа денсаулық сақтау нысандары да салынады, сондай-ақ, балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы мен туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға беріледі.
Жалпы, 2015 жылға арналған елордалық бюджет жобасы 335,1 млрд теңгені құрайды. Бөлінген қаржы әлеуметтік мәселелерді шешуге, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалады, деп хабарлайды елорданың ресми сайтынан.