Келер жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 77 млн. тоннаны құрайды - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, 2016 жылы Қазақстанда мұнай өндру көлемі 77 млн. тоннаны құрайтын болады, аталған көрсеткіш бұған дейін болжанған деңгейден 3,8 млн. тоннаға аз. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

Келер жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 77 млн. тоннаны құрайды - ҰЭМ

«Сонымен қатар, 2020 жылға қарай еліміздегі мұнай өндіру көлемі 92 млн. тоннаға дейін жетеді. Бұл бұрын болжанған деректерге қарағанда 12 млн. тоннаға төмен», - дейді вице-министр. Оның айтуынша, 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 2,8 пайызға тең болмақ. Ал саудада көрсетілетін қызметтер өсімінің қарқыны орташа есеппен 4,5 пайызды құрайды. Көлік, ақпарат және байланыс қызметтерінің өсуі ағымдағы жылдың деңгейінде сақталады.

«Тауарлар экспорты құндық мәнінде 2016 жылы бағалау бойынша алдыңғы кезеңге қарағанда 14,8 пайызға төмендеп, кейін мұнай экспортының нақты көлемінің болжанып отырған ұлғаюының нәтижесінде 2017-2020 жылдар аралығында 4,4 пайыздан 7 пайызға дейін өсетіні күтіледі», - деді М. Құсайынов.