Келер жылы Қазақстанның 5 өңірінде жаңа онкологиялық орталық салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2024 жылы еліміздегі 4 облыс пен 1 қалада жаңа онкологиялық орталықтар салынуы мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2024 жылы Алматы (250 төсек орын), Атырау (180 төсек орын), Жетісу (210 төсек орын), Ұлытау (200 төсек орын) облыстарында және Алматы қаласында (250 төсек орын) жаңа онкологиялық орталықтар салынады. 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленеді», - делінген кешенді жоспарда.
Құжатта көрсетілгендей, биыл жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалады, ал келер жылы құрылыс басталмақ.
Бұған қоса, Қостанай облысы мен Шымкент қаласында радиологиялық және реанимациялық-операциялық блоктар салу және қолданыстағы онкологиялық орталықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кешенді жоспар 23 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болады.