Келер жылы Көкшетауда ЖЭО құрылысы басталады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Келер жылдан бастап Көкшетау қаласында жылу энергия орталығының (ЖЭО) құрылысы қолға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылғандай, жобаны «Дән» ЖШС қазақстандық компаниясы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қолға алмақ. Инвестор байқау рәсімдері нәтижесінде анықталып отыр. Жобаны жүзеге асыруға 4 инвестициялық компания үміткер болған. Олардың арасында «Дән» компаниясы таңдап алынды.
Компания басшысы Нариман Битаковтың айтуынша, жаңа ЖЭО-ның қуаты сағатына 180 МВт (электр) және 450 Гкал (жылу) болады. Салынып іске қосылған кезде Көкшетау қаласының жаңа тұрғын үйлері мен өнеркәсіптік нысандарын электр қуаты, жылу және ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2019 жылы бастап, 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
«Уағдаластыққа сәйкес, жылу оқшаулағыш конструкциялар мен материалдардың жарамдылығы 25 жылдан асады. Ауыстырылатын тығыздағыштардың жарамдылығы 15 жылдан асуы тиіс. Қазіргі кезде жер телімін бөлу мәселелері шешіліп, барлық техникалық шарттар алынды. Бұдан бөлек, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, қоғамдық тыңдау өткізілді. ЖЭО жобалау кезінде қазақстандық өндірістің материалдарын, технологиялары мен жабдықтарын барынша пайдалану қарастырылған», - дейді Нариман Битаков.
Компания басшысының сөзінше, ЖЭО қатты отынмен ғана емес, келешекте газбен де жұмыс істейтін болады. Жалпы, ЖЭО-ны пайдалану кезінде жылыжай кешені мен темір-бетон бұйымдарын дайындайтын зауыт салу сияқты қосымша жобалар құру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Көкшетау - республикадағы ЖЭО жоқ жалғыз облыс орталығы. Облыс басшылығы әлеуметтік маңызы зор мәселені шешу үшін әлеуеті зор жобаны жүзеге асыру кезінде қазіргі заманғы инновациялық технологияларды қолданатын әріптес іздеген болатын. Енді міне, «Дән» ЖШС қазақстандық компаниясы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде осы жобаны қолға алуға бел буып отыр. Компания басшылары бұл жобаны Словенияның «Лука инжиниринг» команиясымен бірлесіп жүзеге асырмақ.
Жобаның құны - шамамен 176 миллиард теңге. ЖЭО құрылысы кезінде 700-900 адам, ал, пайдалануға берілген кезде 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.