Келес ауданында терминалдан ақша ұрлаған күдіктілер ұсталды
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Келес ауданында базарлардың біріндегі төлем қабылдау құрылғысынан қомақты ақша, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Келес АПБ-не жеке кәсіпкер базардағы төлемдерді қабылдау терминалынан белгісіз біреулер 20 мың теңгеге жуық ақшасын ұрлап кеткенін айтып арызданған. Осыдан кейін білікті де тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді іздестіру шаралары жүргізілген.
Полицейлер куәгерлерден сұрастырып, сол маңдағы бейнебақылау камераларын тексеріп шыққан. Сол бақылау камераларының көмегімен күдіктілердің тұлғасы анықталып, ұсталды. Олардың екеуі де жергілікті жұмыссыз жүрген тұрғындар екені анықталды.
Тергеу барысында ұсталғандардың алдын ала сөз байласу арқылы ұрлық әрекеттерін түнгі үштер шамасында жасағаны белгілі болды. Яғни, базарға келіп, пластик дүкенінің есігін ашып кірген. Сөйтіп төлем қабылдау құрылғысын өздері арнайы апарған бұрағышпен бұзып ашып, ішіндегі бар ақшасын алып кеткен.

«Жауап алу барысында күдіктілер өз кінәларын мойындаған. Қазіргі таңда олардың бас шарасы «қолхатпен» босатылды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабымен тергеу амалдары жүргізілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды» делінген хабарламада.