Келес ауданында жұртты жұмысқа орналастырамын деп алдаған алаяқ ұсталды
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Келес ауданында жұртты жұмысқа орналастырамын деп алдаған алаяқ ұсталды. Жәбірленушілерге 1,5 млн теңге шығын келтірген күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқ аудан тұрғындарын әр түрлі уәделермен алдап жүрген. Мәселен, жәбірленушілердің бірі күдіктінің «ауруханаға жедел жәрдем бөліміне жүргізуші ретінде жұмысқа орналастырып беремін» және «жүргізуші куәлігіңді жасап беремін» деп алдап, миллион теңгесін алып кеткенін көрсеткен. Аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас арыздармен тағы бірнеше тұрғын келген. Олар да күдіктіге 75 - 250 мың теңгенің аралығында ақша бергенін айтқан. Осыдан кейін полицейлер қылмысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық « бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізген. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, тұрғындарды арбауына түсірген алаяқ тәулік ішінде ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
«Күдікті бұрын осындай алаяқтық істері үшін сотты болған. Жауап алу кезінде өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында оның осылай алаяқтық жолмен 5 тұрғынды алдағаны анықталды. Жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданды», делінген хабарламада.