Келесі келгенде таулы аймақтарды аралаймын: Түркістанға Абу-Дабиден ұшып келген турист
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «ABU-DHABI — TURKISTAN» бағытындағы алғашқы ұшақ Түркістан әуежайына қонды.
Бүгін Түркістан халықаралық әуежайына Абу-Дабиден «Wizz Air» әуекомпаниясының Airbus 321 ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы, 7 экипаж мүшесі болды. Ал, дәл осы күні рухани астана Түркістаннан Абу-Дабиге 200 адам аттанды.
Түркістан халықаралық әуежайының басқарушы директоры Ильяс Нұғмановтың айтуынша, 100 жолаушының 40%-ы шетелдіктер, яғни туристер.
«Билеттердің бағасы өте қолжетімді. Wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында 19 мың теңгеден, яғни БАӘ-нің 159 дирхамынан басталады. Қос қала арасында саяхат жасауды жоспарлағандар үшін билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынамыз. Егер көрсетілген сайтқа тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар. Рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады», — деді Ильяс Нұғманов.
Абу-Дабиден ұшып келген жолаушылардың арасында Үндістан елінің азаматтары бар. Соның бірі Ахмет Баши өз әсерімен бөлісті.

«Мен Дубайда тұратын үндістандықпын. Бүкіл әлемді саяхаттап жүрмін. Бұған дейін Өзбекстан елінде болдым. Мәдениеттеріңіз ұқсас екен. Қазақстанға жұбайыммен бірге 4 күнге келдік. Қай қалаларға баратынымызды әлі шешкен жоқпыз. Қонақ үйге орналасқан соң ойланып, ертең саяхаттауды бастаймыз. Бұл рейстің ашылғаны — менің тағы да осында келуіме мүмкіндік береді. Келесі жолы таулы аймақтарды көретін боламын», — деді Ахмет Баши.
Түркістан — биыл Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Осыған орай, жыл соңына дейін халықаралық деңгейде түрлі форматта ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру көзделуде.

Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы Стамбул және Эль-Кувейтке, Қазақстан ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына рейстер тұрақты ұшады.