Келесі сайлауға дейін партиялар қызу жұмыс істейді – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Құрылтай сайлауы нәтижесі саяси институттардың алдағы қызметіне қалай әсер ететінін мәлімдеді.

Алуа Жолдыбалина
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Алдымен ол Халық кеңесінің жаңа институт екенін және оның алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті.

– Халық кеңесі консультативтік орган болғанмен, аймақтың өкілеттігін қамтамасыз етеді. Оған түрлі өңірлерден енетін азаматтардың кеңес беру құзыреті болады. Сонымен қатар Халық кеңесі бұрынғы Қазақстан халқы ассамблеясы, Ұлттық құрылтай тәрізді институттардың қызметін біріктіреді, – Алуа Жолдыбалина Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған сарапшылық клубының отырысынан кейін журналистерге сұхбат бере отырып.

Сонымен бірге, оның сөзінше, сайлау нәтижесінде саяси партиялардың жұмысы артады.

– Мысалы, Қазақстан халық партиясы бес пайыздық межеден аспай қалды. Бұл, әрине, қоғамдағы идеологиялық ұстанымдардың өзгерісін көрсетеді, яғни солшыл идеология бәсеңдеген. Дегенмен бұл партия үшін бәрі бітті деген сөз емес. Ары қарай жұмыс істеуі керек. Демек, кеше сайлау аяқталса, енді келесі сайлауға дейін партиялар тағы да қызу жұмыс атқарады. Енді олар өткен сайлаудан өздері қорытынды шығарып, келесі электоралдық кампанияға қалай дайындалатынын ойластыруы тиіс, – деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Одан бөлек, маман халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы саяси үдерістерді бақылап отыруға деген ынтасы артқанын мәлімдеді.

– 2023 жылғы сайлаумен салыстырғанда, биылғы саяси науқанға халықтың қатысу деңгейі жоғары. Сырттан да қызығушылық жоғары. Рекордтық көрсеткіш тіркелді. 14 халықаралық ұйымнан, 42 мемлекеттен 777 халықаралық байқаушы келді. Бұл Қазақстандағы саяси реформаларға, саяси институттардың өзгеруіне шетелдерден зор қызығушылық бар екенін білдіреді, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшы депутаттардың саяси мәдениетін 4 өлшемшарт бойынша бағалауды ұсынғанын жазғанбыз.