Келесі жылдан бастап еңбекке қабілеттіліктен және асыраушыдан айырылғанда берілетін әлеуметтік төлем көбейеді

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлем мөлшері артады, деп хабарлайды Каzinform Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Келесі жылдан бастап еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем көбейеді
Фото: ашық дереккөз

Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды.

Атап айтқанда, құжатта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдерді 7%-ға арттыру көзделген. Аталған қаражат еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтиды. Бұл мақсаттарға қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік кодекске сәйкес ҚР Үкіметі еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айрылу жағдайлары бойынша төлемдердің мөлшерін жыл сайын арттырып отырады.