Келесі жылдың басы Қысқы Азиада ойындарымен басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Келесі жылдың спорттық күнтізбесі ірі кешенді жарыспен басталады. 2025 жылы қысқы Азия ойындарының жалауы желбірейді. Бұл бәсеке Қытайдың Харбин қаласында өтпек.

ҚР ҰОК
Фото: ҚР ҰОК

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті атап өткендей, Қысқы Азиада 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында өтеді.

Қысқы Азия ойындары алғаш рет 1986 жылы ұйымдастырылды. Сол кезде Жапонияның Саппоро қаласы құрлық елдерінің басын қосқан болатын. Тұңғыш рет өткен қысқы Азиадаға бар болғаны жеті мемлекеттің өкілі қатысты. Алайда, уақыт өте келе құрлықтың кіші Олимпиадасында бақ сынайтын елдер қатары көбейіп, Азиада жарыс күнтізбесіндегі маңызды додалардың біріне айналды.

Қысқы Азия ойындарын ең көп қабылдаған мемлекет – Жапония. Күншығыс елінде құрлық бәсекесі төрт рет өткізілген. Ал Қытай ірі спорттық жарысты өз жерінде үшінші рет қабылдамақ. Нақтылай түсер болсақ, қысқы Азиада Харбин төрінде екінші рет өткізілмек (бір рет ойындар Чанчунда ұйымдастырылған).

2011 жылы ақ Азиаданы Қазақстанның қабылдағаны белгілі. Жарыстың жартысы Астанада өтті. Атап айтар болсақ, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккейден ерлер додасы, конькимен жүгіру және шорт-трек елорда төрінде ұйымдастырылды. Қалған спорт түрлеріндегі жеңімпаздар Алматы төрінде анықталды.

Соңғы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өтті. Ал Харбин араға 29 жыл салып, қысқы Азиаданы қайтадан қабылдамақ. Айта кетелік, қытайлық қалада Азиада сонау 1996 жылы өткізілді. Қазіргі таңда алдағы жарыстың басты атрибуттары анықталды.

Бойтұмар «Жарып өту» деген атауды алған. Бойтұмардың эскизі шорт-тректе сынға түсетін спортшының қимылдары арқылы жасалды. Сондай-ақ, Харбиндегі қалалық гүл – сирень мен оралған лентаның бейнесі де бар. Азия ойындары атауының қысқарған нұсқасы мен Азия Олимпиада Кеңесінің символы да бойтұмар элементіне айналған.

2025 жылғы Азиаданың бойтұмарлары – сібірлік жолбарыстар Бинбин мен Нини. Ұраны: «Азиядағы қысқы арман мен махаббат». Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар жеті спорт нысанында өтеді. Олардың қатарында Харбин хоккей аренасы, Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы, Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы, Харбин спорттық университетінің студенттік мұзайдыны, Хэйлунцзян жаттығу орталығының мұздағы жарыстарға арналған көпфункционалды залы, Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы, Ябули тау-шаңғы курорты.

Бүгінде спорттық нысандар соңғы дайындықты өткеріп жатыр. Биылғы шілдеде Азиаданың басталуына 200 күн қалғанына орай салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, Харбинде 131 бұқаралық мәдени және көркемдік іс-шара өтіп, 110 000 адам қатысқан.

Азия ойындарында 11 спорт түрінен жүлде таратылады.

Спортшылар шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, керлинг, тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғымен жарысу, биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.