Келесі жылы БҚО-ның барлық аудан орталығында спорт кешендері болады

бұқаралық спорт
Фото: freepik.com

Батыс Қазақстан облысында ірі ауылдарда спорт кешендері бой көтеретін болады. Бұл туралы Kazinform тілшісіне облыс әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.

Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық аудан орталықтарын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамту жұмыстары аяқталып келеді.

Айталық, 2023 жылы Ақжайық ауданының Чапаев пен Тайпақ ауылдарында осындай кешендер пайдалануға берілді. 2024 жылы Қазталов пен Тасқала аудандарында тағы екі ғимарат салынады. Сонда аудан орталықтары спорт кешендерімен толық қамтылады.

Президенттің облысқа сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес Орал қаласында көпфункционалды спорт кешені тұрғызылып жатыр. Қазіргі кезде жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетасы құйылуда. Бұл облыстағы ең ірі спорт кешені болмақ.

Сол секілді «Жастар» стадионы ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу көзделген. Алдағы жылы П.Атоян атындағы стадион күрделі жөнделетін болады.

«Сонымен қатар облыста ірі ауылдарда модульдік спорт залдарын салу ойластырылып жатыр. Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысы есебінен 2024 жылы Бәйтерек ауданының Байқоныс, Махамбет, Бөкей ордасының Бисен, Теректінің Долинный ауылдарында осындай ғимараттар бой көтереді. Сырым ауданының Бұлдырты, Тасқаланың Мерей, Бәйтеректің Дариян, Теректінің Ақжайық ауылдары тұрғындарына да мұндай мүмкіндік жасалады. Жуырда шалғайдағы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында болған кезде онда 2025 жылы спорт кешені салынатынын жеткіздім. Оған қоса барлық мектептердің спорт залдары кешкісін жастардың дене шынықтырумен айналысуы үшін ашық болады. Мұндағы мақсат – халықтың спортпен толыққанды шұғылдануы үшін қажетті жағдай жасау. Күні бүгін 275 мыңнан астам адам немесе облыс халқының 39,6 пайызы спортпен айналысса, 2029 жылы 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр», – деді Н.Төреғалиев.

Облыс басшысы ҚР Туризм және спорт министрлігімен келісе отырып, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға баса көңіл бөлінетінін жеткізді. Сонымен бірге көкпар, бәйге секілді ұлттық спорт түрлері ұмыт қалмайды.

«Өңірде спорт жақсы дамып келеді. Мысалы, үстел теннисінен жеткіншектеріміз жас ерекшеліктеріне қарай Қазақстан чемпионатында үздік атанып жүр. Әйтсе де, олардың жаттығатын жері талапқа сай келмейді. Сондықтан 2025 жылы үстел теннисі үшін жаңа ғимарат салатын боламыз. Мұның сыртында жеке спорт кешендері көбейіп жатыр. Тек спорт қана емес, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген табыстар аз емес. Сол сияқты экономиканың барлық саласында жыл жақсы қорытындыланып жатыр. Әсіресе, инвестиция тартуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Қорыта айтқанда, жаңа жылдан күтер үміт мол», –деп түйді ойын Нариман Төреғалиев.

Еске салайық, БҚО әкімі биылғы жылдың үздік спортшыларын марапаттаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар