Келешек мектептері: Павлодарда 1200 оқушыға арналған қазақ мектебі ашылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алғашқы білім ұясы есігін айқара ашты. 1200 оқушыға арналған заманға сай мектеп мемлекеттік тілде білім береді.

«Достық» шағын ауданында іске қосылып отырған жаңа қазақ мектебін бұл төңіректі мекен еткен отбасылар ұзақ күткен. 1200 оқушыға шақталған № 48 мектепке қазірдің өзінде 1050 бала қабылданған. Оқушылар әлі де үзбей келіп жатыр. Биыл мұнда тек қана бірінші сыныптарға 164 бала келген.

Заманауи білім ордасының ашылу салтанатына арнайы қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша 460 мың орынға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салыну үстінде. 1 қыркүйекте 130 мектеп оқушылар игілігіне тапсырылды. «Келешек мектептерінің» тең жартысы ауылдық жерлерде бой көтеріп жатыр. Ұлттық жобаның көздейтін межесі — заманға сай жабдықталған мектептер арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті ұлт келешектерін тәрбиелеу. Бұған қоса Мемлекет басшысының орта білім саласында тең мүмкіндіктер құру туралы тапсырмасының оңымен орындалып жатқанының оң көрінісі деуге болады. Себебі, барлық мектептер бір үлгіде, тіпті ішкі әрленуі, безендірілуі бір қалыпта.

— Павлодар облысы билігінің білім беру саласына деген айрықша қамқорлығы байқалып отыр. Әсіресе, шағын жинақты мектептерге оң көзқарас бар. Өңірдегі ауылдық жерлерде 200-ге жуық шағын жинақты мектеп тіркелсе, солардың барлығын жаңарту мақсат етіліп отыр. Биыл ауылдық мектептерді заманға сай жаңартуға 12 млрд теңге бөлініп, әр мектепке шамамен 300-500 млн теңгеден қарастырылыпты. Бұл ауылдарымыздың сақталып қалуына, ауыл мектептеріндегі білім саласын арттыруға үлкен көмек. Мемлекет басшысының қойып отырғаны тапсырмасы да осы, — деді Ғани Бейсембаев.

Облыс әкімі Асайын Байханов жаңа мектеп жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданының өркендеуіне түрткі болатын әлеуметтік бастамалардың бірі екенін жеткізді.
Айтуынша, аумақтағы инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бұған дейін ауданда көпқабатты 15 әлеуметтік тұрғын үй тапсырылып, 5 мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Алдағы уақытта аумақта 240 балаға арналған балабақша, емхана, көптеген ойын және спорт алаңдарын тұрғызу жоспарланған.

— «Достықта» бұған қоса жабық мұз айдынын, бір жарым мың көрермен сыятын конгресс-холл, бес мың адамға лайықталған, бассейні бар спорт кешенін тұрғызу көзделген. Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың жалғасы, — деді өңір басшысы.
№ 48 орта мектеп үш қабаттан, 10 блоктан тұрады. Бірінші блокта оқушыларға кәсіптік бағдар беруге арналған кабинеттер орналасқан. Ғимаратта екі спорттық зал, 245 орындық асхана бар.

Мектеп директоры Айнұр Бекбаеваның сөзінше, «Достық» шағын ауданындағы балаларды есептемегенде, жақын жердегі № 21 мектептен 500 оқушы ауысып келіпті. Аталған мектептегі қазақ тілді сыныптарға сабақ беретін педагогтер құрамы да жаңа білім ұясына ауысып жатыр. Мектеп әкімшілігі толассыз келіп жатқан оқушылар санына қарап, болашақта мұнда білім алатындар саны 1500-ге жетіп қалуы ықтимал екенін айтады.
Айтып өтуіміз керек, қазіргі уақытта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Павлодар қаласында 600 оқушыға арналған тағы бір жаңа мектеп салынып жатыр. Оның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп көзделген.
Бұған дейін Ертіс бойында мектептерде орын тапшылығы қалай шешіліп жатқаны туралы жазған едік.
Жаңа оқу жылында Павлодарда екі ауылда мектептер ашылды.