Келешекке кемел жоспарды бірге құрамыз – Александр Лукашенкомен эксклюзивті сұхбат

Александр Лукашенко
Фото: Беларусь Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. Бастапқыда диалог бойынша әріптес болды, кейін бақылаушы мәртебесін алды. Астана саммиті аясында Ұйымға толыққанды мүше ретінде қосылмақ. Осы саммит қарсаңында ел Президенті Александр Лукашенко агенттік тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

— ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Астана саммитінде Беларусьтің Ұйымға қосылуы туралы шешім қабылданатынын мәлім еткен болатын. ШЫҰ-ға толық мүше болу еліңізге қандай мүмкіндік береді, не күтесіз?

— Шанхай ынтымақтастық ұйымының орасан зор әлеуеті туралы оның негізі қаланғаннан бастап айтқанмын. Біз оның бастамаларына бірден қызығушылық танытып, әлі салмағы болмаған кезде жобаларға қатыса бастадық. Әуелі серіктес мемлекет, ал 2015 жылдан бастап бақылаушы ретінде. Толыққанды мүшелікке біртіндеп қадам басып келеміз. Осы жылдар ішінде Беларусь тарапынан Ұйым платформасында айтылған көптеген ұсыныс қолдау тапты.

Бүгінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер жаһандық экономиканың даму қозғалтқышы және инвестиция мен инновациялық өндірісті тарту орталығы ретінде әрекет ететініне сенімдімін. ШЫҰ Беларусь үшін жай ғана халықаралық ұйым емес. Бұл – ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылда, көлік-логистика, ақпараттық-коммуникация және басқа да инфрақұрылымдарды дамыту тұрғысындағы стратегиялық жоспар.

Мүшелікке өткеннен кейін өз бастамаларымызды бұған дейінгі тәжірибемізбен барынша байланыстыруға тырысамыз. Бұл бастамалардың кейбірі Қазақстан астанасында өтетін ШЫҰ отырысында ұсынылады. Беларусь қауіпсіздік, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен және адам саудасымен күресу салаларында кеңейіп келе жатқан «ШЫҰ отбасы» елдерімен ынтымақтастыққа өте мүдделі. Ұйымның бас құжаты – ШЫҰ Хартиясында, сондай-ақ Мемлекет басшылары кеңесінің Самарқан және Нью-Дели декларацияларында белгіленген басымдықтарға толықтай қосыламыз.

Бүгінгі таңда Ұйымның еркін сауда-экономикалық аймағын құру идеясы алға тартылып жатқан ШЫҰ-ның Даму қорын құру жобасы жасақталып жатыр. Бұдан да маңыздысы - Ұйым аты аталғанда тек қана қауіпсіздік және экономикалық мәселелердің ойға келмеуі. Өйткені, бұл мәдениеттерді өзара байыту, халықтарымызды жақындастыру, жастар ұйымдарының тікелей байланысуы, спорт, туризм, ғылым, білім салаларындағы өзара іс-қимылды жандандырудың бірегей мүмкіндігі де ғой. Міне, сондықтан да Беларусь 9-15 шілде аралығында өтетін жыл сайынғы «Витебсктегі славян базары» халықаралық фестивалінің бағдарламасына ШЫҰ елдерінің ұлттық мәдениеттері күнін енгізді.

Сондай-ақ «интеграциялардың интеграциясы» идеясын ілгерілету арқылы дамудың келешегін көреміз. Осы жолда көпжақты дипломатия мен бітімгершілік қызметтегі тәжірибемізді пайдалануды көздеп отырмыз.

Бірақ ең бастысы, біз әлемге балама халықаралық платформалар, барлық мемлекеттің үні үстемдіксіз естілетін және мүддесі тегіс құрметтелетін басқа да күш орталықтары бар екенін әлемге айқын көрсете алдық. Беларусь Ұйым қызметіне қосқан үлесімізді қолдағаны, жоғары бағалағаны және мойындағаны үшін мүше мемлекеттерге алғысын білдіреді. Біз барлық жауапкершілікті түсінеміз және жаңа мәртебемізде белсенді де өнімді жұмыс істеуге дайынбыз.

А. Лукашенко
Фото: Беларусь Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

— Беларусь Республикасы ШЫҰ қызметінің барлық негізгі бағыттарына белсенді қатысады. Сіз үшін қауіпсіздік мәселелері қаншалықты маңызды?

— XXI ғасырда шынайы және мызғымас жаһандық қауіпсіздік кең диалог арқылы, кемсітусіз және барлығына қолайлы шарттармен құрылуы тиіс екеніне қатты сенімдімін. Өзгенің қауіпсіздігін елемей тұрып, өзің үшін қауіпсіздікті талап етуге болмайды.

ШЫҰ – өзінің табиғаты бойынша ешкімге де қарсы бағытталмаған, ұйымдасуға арналған ұйым. Бұл – қазір әлемде сұранысқа ие сипат және біздің саясатымызға толық сәйкес келеді. Минск бірнеше рет бейбіт реттеу мәселелері бойынша келіссөздер алаңы болды. Біз барлық елдер мен халықаралық ұйымдарды үнқатысуға шақырамыз. Өткен жылы Беларусь Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік архитектурасының жұмыс істеу параметрлері мен қағидаттарын тұжырымдауға арналған ХХІ ғасырдағы әртүрлілік пен көпполярлықтың Еуразиялық хартиясын әзірлеу бастамасын көтерді. Біз «ШЫҰ отбасының» көбіне біржақты мәжбүрлеу шараларынан (санкциялар) туындаған азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық мәселелерін шешуге белсендірек қатысуы қажеттілігін көріп отырмыз.

Бүгінгі күні айқын көрініп отырған заңсыз санкциялар салдарының бірі – әлемде аштық мәселесінің күрт қиындауы. Мен бір ғана мысал келтірейін. Әлемдік өндірістің шамамен 20 пайызын алатын Беларусь калий тыңайтқыштарының транзитіне қойылған шектеулер олардың бағасының айтарлықтай өсуіне әкеліп соқты. Көптеген ел оларды пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болды. Соның кесірінен егін сапасы күрт нашарлап, көлемі азайды. БҰҰ мәліметі бойынша, 2023 жылы жер шарындағы 59 елдің әрбір бесінші тұрғыны азық-түліктің қатты тапшылығын сезінді, дүние жүзінде 280 миллионнан астам адам аштыққа ұшырап, 32 елде 5 жасқа дейінгі 36 миллионнан астам бала аш құрсақ қалып отыр. 7 жылда аш адамдардың жалпы саны 10-нан 20 пайызға дейін көбейді.

Сондықтан Беларусь ШЫҰ елдерімен бірлесе отырып, Самарқан декларациясында қаралған және алдағы ШЫҰ саммитінің шешімдерімен бекітілетін санкцияға қарсы көзқарастарды жүйелі түрде жүзеге асыруға дайын.

— ЕАЭО мен ШЫҰ ынтымақтастығы ортақ көлік кеңістігін қалыптастыру және транзиттік әлеуетті нығайтуда тығыз әрі тиімді өзара іс-қимыл үшін зор мүмкіндік туғызып отыр. Беларусь Республикасының ШЫҰ шеңберінде осы салалардағы ЕАЭО тәжірибесін интеграциялауға көзқарасы қалай?

— Экономикасы экспортқа бағдарланған Беларусь ЕАЭО мен ШЫҰ-ның көлік-логистикалық әлеуетін байланыстыруға мейлінше мүдделі.

Қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз ететін маршруттармен Еуразиялық континенттің тұрақты көлік-логистикалық негізін қалыптастыру – ЕАЭО-да да, ШЫҰ-да да негізгі интеграциялық міндеттердің бірі. Жалпы алғанда, бәсекеге қабілетті логистикасыз аймақтағы сауда қатынастары жүйесінің тиімділігі туралы сөз қозғау мүмкін емес. Бұл міндеттің ауқымын нақты сандардан анық көруге болады: ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы – 35 миллион шаршы шақырымнан артық, халықтың жалпы саны – 3,5 миллиардқа жуық адам (жер шары халқының жартысына жуығы), ЖІӨ жиынтығы – 25,5 триллион доллар. ЕАЭО-ға қарасаңыз, тауарлардың кедергісіз қозғалысы жүздеген миллиард доллар көлеміндегі тауар алмасу шеңберінде қамтамасыз етілуі керек. Бір ғана 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 800 миллиард доллар болды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экспортының 40 пайызға жуығы ШЫҰ үлесіне тиесілі. Ал ЕАЭО және ШЫҰ елдерінде шығарылатын тауарларды алу-беру динамикасы тұрақты түрде арта түсетіні анық.

Бірлескен жұмысымыздың келешегі зор бағыттары – «Солтүстік-Оңтүстік», «Шығыс-Батыс» сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамыту және оларды қытайлық достарымыздың «Бір белдеу – Бір жол» бастамасымен ұштастыру. Кезінде бастама көтердік, оны жүзеге асыру үшін қазірдің өзінде біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2023 жылы Ташкентте өткен ШЫҰ елдерінің бірінші Көлік форумы аясында екі жаңа халықаралық көлік дәлізін құру туралы меморандумдарға қол қойылды: «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» және «Ресей – Каспий теңізі – Түрікменстан – Өзбекстан – Қырғызстан».

Халықаралық саудадағы өзгерістер және ЕАЭО мемлекеттері экономикаларының Азия, Орта және Таяу Шығыс елдерінің дамып келе жатқан нарықтарына қайта бағдарлануы көлік секторындағы түбегейлі өзгерістерге және логистикалық тізбектердің толық трансформациясына әкелді.

2020 жылы Литва мен Польша Беларусьтің Балтық жағалауындағы порттарға кіруіне біржақты түрде заңсыз тосқауыл қойғанда, біз логистикамызды жедел түрде Ресей порттарына бағыттадық және ЕАЭО-дағы серіктесіміз Қытаймен көлік қатынасын, соның ішінде инфрақұрылымды жаңартуды дамыта бастадық. Әр нәрсенің қайыры бар деген осы болар. Бүгінгі таңда біз тасымалдау көлемін ұлғайтып жатырмыз, ал Литва мен Польша басшылығы жыл сайын жүздеген миллион доллар шығынын есептеумен отыр.

Сондай-ақ біздің алдымызда сауда жолдарын цифрландыру және саяси тәуекелдерден сенімді сақтандырылатын әрі баршаға түсінікті кедендік транзит жүйесін құру міндеті де тұр.

А. Лукашенко
Фото: Беларусь Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

— Қазақстан мен Беларусьтің серіктестер ретіндегі әлеуетін қалай бағалайсыз?

— Өте зор! Атқарылған іс аз емес, бірақ бірлікте бұдан да биік белестерді бағындырамыз.

Беларусь-Қазақстан тығыз қарым-қатынасының негізі Кеңес одағы кезінде қаланған. Бұл қарым-қатынас республикаларымыз тәуелсіздік алғаннан кейін де үзілген жоқ. Біз ЕАЭО, ТМД және ҰҚШҰ платформаларында серіктеспіз.

Қазақстан басшылығымен арамыз қашан да жылы, достық қарым-қатынаста болды және бұл күрделі деген небір мәселені шешуге көмектесті. Үшінші жыл қатарынан сақталып келе жатқан миллиардтар көлеміндегі тауар айналымы – біздің мүмкіндігіміздің шегі емес. Өндірістік кооперация, өнеркәсіп саясаты, көлік, ауыл шаруашылығы мәселелерінде айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Жақын арада жүк транзитіндегі кедергілерден арылып, әуе қатынасын толық қалпына келтіреміз деген сенім бар.

Қазақстан – біздің «Витебсктегі славян базары» халықаралық өнер фестивалінің тұрақты қатысушысы, ал өткен жылы сіздің еліңіздің орындаушысы эстрадалық әндер байқауының лауреаты атанды. Бізде жастар мен мәдениет саласында бірқатар бірлескен жоба бар.

Қазақстан төрағалық еткен жылы Беларусьтің ШЫҰ-ға толыққанды мүше болып қосылуы – біз үшін өте маңызды. Қазақстан командасына осы мәселе бойынша ынтымақтастығы және Беларусь өтінімін қолдағаны үшін алғыс білдіреміз. Біз қарым-қатынасымыздың болашағына оптимистік көзқараспен қараймыз және болашаққа құратын жоспарымыз көп.

Соңғы жаңалықтар
telegram