Келесі қарсылас Головкин болуы әбден мүмкін - Котто бапкері
АСТАНА. ҚазАқпарат – Головкин-Гил жекпе-жегін тамашалауға келген WBC чемпионы Мигель Коттоның бапкері Фредди Роуч пуэрторикалық боксшының келесі қарсыласы Гена болуы ықтималдығын жоққа шығарған жоқ, деп хабарлайды Аllboxing.ru.
« HBO телеарнасы Головкиннің 6 жекпе-жегін көрсету құқығына ие болып отыр және олар чемпионға аса қызығушылық танытып отыр», - деп келтіреді Роучтың сөздерін BoxingScene . com . – Қазіргі уақытта Котто үшін нөмірі бірінші қарсылас - Канело Альварес, дегенмен Головкин де келесі қарсылас атануы әбден мүмкін».
33 жастағы пуэрторикалық боксшы Мигель Котто WBC нұсқасы бойынша чемпион атағына ие екендігін айта кеткен жөн.
Бұның алдында Дэниэл Гилді 3 раундта сұлатып салған Головкин келесі жекпе-жегін Коттомен немесе Куиллинмен өткізгісі келетіндігін мәлімдеген болатын. Осылайша, оның орта салмақтағы барлық чемпиондық титулдарды біріктірмек ойы бар.