Келесі жекпе-жегім қашан өтері әлі белгісіз - Сойлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев мексикалық Фернандо Варгаспен арадағы жекпе-жектің қалай өткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келесі жекпе-жегім қашан өтері әлі белгісіз - Сойлыбаев

«Жекпе-жек өте тартысты өтті.  Өнерім бапкерлердің де көңілінен шықты. Ал енді қарсыласым Фернадо Варгасқа келер болсам,  ол өте тәжірибелі боксшы. Екеуіміз 10 раунд бойы жұдырықтастық. Жақсы жекпе-жек болды деп ойлаймын. Хабар арнасының көрсеткеніне және маған жанкүйер болған барлығына ризашылығымды білдіремін», - деді Сойлыбаев.

Оның айтуынша, бұл жекпе-жеке дайындық екі жарым ай бұрын басталып, қарсыластың шаршы алаңдағы ұрыс мәнері зерделенген.

«Бұған дейінгі қарсыластарыма қарағанда тәжірибелі. Көбінесе алға ұмытылып, артық қозғалыстарды көп жасайтын боксшы екен. Бір-екі соққы жасап, одан кейін барлауға көшеді. Менде оның алдын орап, бірінші соққы жасап отыруға тырыстым», - деді ол.

Боксшы жекпе-жек аяқталғаннан кейін  жарақат алған қолын тексерту үшін ауруханаға барып, ренгенге түсіргенін айтты.

«Келесі жекпе-жектің қашан өтетіндігі әлі белгісіз. Рейтинг өскен сайын қарсыластар да мықты болады және оны табу да қиын. Біреу келіссе де, артынан  айнып қалып жатады. Сондықтан келесі жекпе-жегім белгісіз болып тұр», - деді боксшы.

Айта кетейік, 19 қазан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Голден бой» промоутерлік орталығымен өткен кәсіпқой бокс кешінде Бекман Сойлыбаев мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, отандасымыз осы жылдың сәуір айында жеңіп алған екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Сойлыбаев пен Варгас арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастың әйгілі Monte Carlo Resort and Casino қонақүйінде өтіп, оны әлемдегі алпауыт агенттіктердің бірі ESPN телеарнасы тікелей эфирден көрсетті. Жалпы, бүгінде 27 жастағы Бекман Сойлыбаев кәсіпқой шаршы алаңда 12 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңді. Еншісінде WBC International және WBA NABA чемпиондық белбеулері бар.