Келесі жылдан бастап сатылатын малды тек арнайы орындарда сою қажеттігі туралы заң нормасы жұртшылықты алаңдатып отыр - Т. Сыздықов

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Келесі жылдан бастап сатылатын малды тек арнайы сою алаңдарында немесе арнайы орындарда сою қажеттігі туралы заң нормасы жұртшылықты алаңдатып отыр.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің атына жолданған сауалында депутат Тито Сыздықов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Жақында ветеринария мәселелеріне арналған заң қабылданған еді. Бұл заң бойынша 2010 жылдың қаңтарынан бастап азаматтар өз меншігіндегі малын сойып сату үшін малды арнайы салынған мал сою алаңдарында немесе ет комбинаттарында ғана соя алатын болады. Сойылған мал туралы құжат алып, еттің сыртына оның арнайы орында сойылғандығы туралы мөр басылуы шарт. Яғни, бұдан былай азаматтар өзі баққан малын өзі сойып сата алмайтын болды деген сөз. Өкінішке қарай, заңға мен қарсы болып едім, соған қарамастан құжатта осындай бап қабылданды. Ендігі күні халық арасында осы мәселеге алаңдаушылықтар көбейе түсті. Қазір ауылдарда, тіпті аудандарда да арнайы мал сою алаңдары жоқ. Сондықтан да малды сойып сату үшін жұрт тірі малын көлікке артып бәленбай шақырым жердегі мал сою алаңдарына баруы керек екен, сою алаңындағы қызметтерге  қаражат шығындау тағы бар», деді Т. Сыздықов.

Депутат өз сөзінде елді мекендерде, жұртшылыққа қолайлы өңірлерде мал сою алаңдарының жоқтығы мәселені одан сайын ауырлататынын алға тартып, бұндай олқылықты жедел жою қажеттігін айтты. Оның айтуынша, заңға сәйкес аз ғана малымен күнін көріп, өздігінен жұмыспен қамтылып отырған халық тағы да делдалдыққа ұрынып, мал құнын амалсыз арзандатып сатуға мәжбүр болайын деп тұр. «Бұнда мал сою мәселесіне дайындықтың қалай жүргізіліп жатқаны белгісіз. Егерде, бұған тиісті деңгейде дайындық болмаса онда заңдағы осы бапты уақытша болса да тоқтата тұру қажет», деді депутат.  

Соңғы жаңалықтар