Келесі жылдың дәрі-дәрмектері алдын ала сатып алынды - СК-Фармация

АСТАНА. ҚазАқпарат - Компания басшысы Нұржан Әлібаевтың айтуынша, келесі жылға арналған тегін медициналық қызмет дәрі-дәрмектерінің басым бөлігі сатып алынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келесі жылдың дәрі-дәрмектері алдын ала сатып алынды - СК-Фармация

«2017 жылға арналған сатып алу өткен жылғымен салыстырғанда ертерек жүргізілді. Қазірдің өзінде келесі жылғы тұтыну өнімдерінің 95 пайызы бойынша келісімшарттар рәсімделді. Бүгінде өнімнің 30 пайызы бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізілді. Қазіргі мәліметке сәйкес, келесі жылдың дәрі-дәрмектерін алдын ала сатып алудың арқасында 11,7 млрд. теңге үнемделді. Жалпы, сатып алынған дәрі-дәрмектердің 52 пайызы - отандық өнімдер", - деді "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Н.Әлібаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, соңғы жеті жылдың ішінде "СК-Фармация" компаниясы шамамен 55 млрд. теңге бюджет қаражатын үнемдей алды. Ағымдағы жылда үнемделген қаражаттың көлемі 5,4 млрд. теңгені құрады. Дегенмен, сатып алынғандардың тең жартысы отандық кәсіпорындарға тиесілі болса да, бюджет ақшасының басым бөлігі шетелдік дәрі-дәрмектерге жұмсалып отыр. Себебі қымбат дәрілерді, көбінесе, трансұлттық компаниялар шығарады.  

Айта кетейік, 2009 жылы Үкіметтің шешімімен "СК-Фармация" ЖШС құрылған болатын. Компанияның негізгі мақсаты - тегін медициналық көмекке кіретін дәрі-дәрмектерді сатып алып, денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізу. Бірыңғай операторды құрудың арқасында бюджет қаражатын үнемдеп отыруға мүмкіндік туып отыр.