Келесі жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің 1 мың шақырымы салынбақ - Көлік министрі

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің 1 мың шақырымын салу жоспарланып отыр.

Келесі жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің 1 мың шақырымы салынбақ - Көлік министрі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осылай мәлім етті.

Алдымен ағымдағы жылы атқарылған шараларға тоқталған министр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін 2010 жылғы ең басты инфрақұрылымдық жоба ретінде атап өтті. «Осы жоба аясында биылғы жылы 378 шақырым жол салу көзделген болатын. Алайда, күзгі мезгілдегі қолайлы ауа райына байланысты жаңа дәліздің 417 шақырымына жол жамылғысы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 60 шақырым цемент-бетон жамылғы болып табылады», - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, халықаралық транзиттік дәліз жобасы аясында еншілес салаларды қоса есептегенде 34,2 мың адам жұмыспен қамтылып, 4,5 мың техника жұмылдырылған. 20 млн. текше метрден астам инертті материалдар мен топырақ өңделді. Ал ауқымды жобадағы қазақстандық қамту 89 пайызға жеткен.

«Келесі 2011 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»дәлізінің 1000 шақырымын салу жоспарланып отыр. Онда 50 мыңға тарта адам жұмысқа тартылады», - деді Көлік министрі.