Келесі жылы еліміздегі барлық ХҚКО-лар жаңғыртылады

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Келесі жылы еліміздегі барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртылады.

Келесі жылы еліміздегі барлық ХҚКО-лар жаңғыртылады

Бұл туралы бүгін ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев мәлім етті.

«Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртылу үстінде. Алматы мен Астана қалаларында толығымен бітірдік. Облыс орталықтарында бір-бірден халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңартылған түрде жұмыс істеуде. Ендігі жылдың аяғына дейін барлық аудандардағы орталықтарды жаңғыртатын боламыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, орталықтарды жаңғыртудың ерекшелігі жаңа технологиялардың енгізілуінде. Сонымен қатар халыққа электронды сандық қолтаңба беру ұйымдастырылып, қызметкерлердің барлығының бір деңгейде жұмыс істеу ұстанымы жолға қойылған. «Яғни терезелерді алып тастап, кеңселік нұсқа жасадық. Әрбір қызметкердің алдында екінші монитор тұр. Сол арқылы әр қызметкерге тұтынушы өз бағасын бере алады. Оның нәтижесін айдың аяғында талқылап, жұмысты жақсы істеген қызметкерге сыйақы беру мәселесін шешетін боламыз», - деді комитет төрағасы.