Келесі жылы Қазақстанда Құрылыс кодексі енгізіледі

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Келесі жылы Қазақстанда Құрылыс кодексін енгізу көзделуде.

Келесі жылы Қазақстанда Құрылыс кодексі енгізіледі

Бұл туралы бүгін Астанада құрылыстың сапасы тақырыбына арналған дөңгелек үстелде ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Николай Тихонюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш Кодекс құрылыс саласындағы барлық заңдық нормаларды біріктіретін болады.

«Бұл  отандық құрылыс саласында қызметтерін атқарып жүрген жобалық ұйымдардың және құрылыс компанияларының жұмысына едәуір жеңілдік береді. Барлық нормалар бір негізгі құжатқа тоғыстырылады деген сөз», дейді Н.Тихонюк.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қолда бар нормативтік базалар Кеңес Одағы тұсынан бері өзгерту көрмеген. Соған орай, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті нормативтік базаны жетілдіру жұмыстарын бастады. «Құрылыс саласында шетелдік компаниялардың үлесін бағамдай отырып, олардың құрылысқа құйған инвестиция көлемін ескере отырып, бұл жұмыстарды 5 жыл бұрын бастау керек болатын. Сондықтан базаны халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуге үлкен мән берілді. Себебі шетелдік құрылысшыларға қазіргі талаптарға сай жұмыс жасау бірқатар қиындықтар туғызады», деп атап көрсетті ол.