Келесі жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісі құрылуы мүмкін - ТМҰ саммиті

САМАРҚАНД. ҚазАқпарат - Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Бұл туралы Президент Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келесі жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісі құрылуы мүмкін - ТМҰ саммиті

«Осыған орай, біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады», - деді Президент.

Оның пайымынша, ұйымға мүше мемлекеттер академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауы керек.

«Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.