Келесі жылы тұтас Қызылорда облысы газбен қамтылады - Көшербаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірді газбен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келесі жылы тұтас Қызылорда облысы газбен қамтылады - Көшербаев

Оның айтуынша, әзірге өңір халқының 63 пайызы табиғи газбен қамтылған.

"Енді газбен қамтылмаған үш аудан қалды - Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарына келесі жылы газ жеткізіледі", - деді Қ. Көшербаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысының айтуынша, аталған жұмыстар ҚР Энергетика министрлігімен және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен бірлесіп жүргізілуде.

Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысының орталықтандырылған ауыз сумен қамту бойынша ең үздік көрсеткіштерге ие екендігін атап өтті.

"Халықтың 95 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталған", - деп өз сөзін толықтырды әкім.