Келесі жылы жол құрылысы саласындағы қазақстандық қамту көлемі 100 пайыздық межеге жақындайды

Бұл туралы бүгін автожол саласының өкілдерімен өткен жиында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр мәлім етті.
«2011 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдарда пайдаланылған материалдардағы қазақстандық қамтудың үлесі 86 пайызды құрады. Біздің пайымымызша, төмен цифрдің қалыптасуына Ресейден импортталатын битумды, целлюлоз қоспаларды, сонымен қатар термопластикаларды пайдалану себеп болды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 200 мың тонна отандық битум шығару жоспарланып отыр. Оның 150 мың тоннасы республикалық жолдарды салуға немесе жөндеуге жұмсалмақ. Аталған материалды қажетті жерге дер уақытында жеткізу үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясы тасымал жасайтын вагондармен толық қамтамасыз етпек. «Осылайша ағымдағы жылы қазақстандық қамту үлесін біз 89 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ал келер жылы Ақтау битум зауытын іске қосудың арқасында битумға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етіледі және қазақстандық қамту үлесі 100 пайыздық межеге жақындайды», - деді ол.
Сонымен қатар Р.Склярдың айтуынша, ағымдағы жылы Павлодар мен Алматы қалаларында термопластик шығару ісін жолға қойғаннан кейін импортталатын аталған материал көлемі айтарлықтай төмендейтін болады.
Жалпы өткен жылы автожол саласын дамытуға 258 млрд. теңге бөлінген болатын. Оның 189,6 млрд. теңгесі республикалық жолды дамытуға, ал 68,4 млрд. теңгесі жергілікті жолдарға бөлінді. Бөлінген қаржының аясында 5 мың шақырымнан астам жол жөнделді.