Келімбетов қытайлық серіктестерімен электрондық коммерцияның даму бағытын талқылады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбетов «Жібек Жолының экономикалық белдеуі» саммитіне қатысу үшін Қытай Халық Республикасына (ҚХР) жасаған сапары аясында Ханчжоу электрондық коммерция индустриалдық паркінің (ХЭКИП) төрағасы Ся Минханмен кездесті.

Келімбетов қытайлық серіктестерімен электрондық коммерцияның даму бағытын талқылады

Тараптар аймақтағы электрондық коммерцияның даму бағытын талқылап, «Жібек Жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын жүзеге асыру аясында электрондық коммерция технологияларына деген сұраныстың алдағы уақытта арта түсетініне назар аударды.

«Қазіргі күні қытай компаниялары осы саладағы көшбасшыға айналған. ҚХР-дегі жоғарғы технологиялар паркінің құрылуына және салынуына мемлекеттік қолдаудың маңызы зор болды», -  дейді Ся Минхан.

АХҚО мен ХЭКИП 2016 жылы қол қойылған Ынтымақтастық меморандумы аясында тығыз және белсенді жұмыс істеп келеді.

Еске сала кетсек, 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы заңға қол қойды. АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.