"Келісім кемелденіп келеді" - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

"Келісім кемелденіп келеді" -  республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Кедендік одақ мәселелері көтерілген «Келісім кемелденіп келеді» атты мақала жарық көрді. «Кеше елордадағы "Риксос" қонақүйінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен "Біртұтас экономикалық кеңістік - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты дөңгелек үстел болып өтті. Онда БЭК төңірегіндегі сауалдар мен келісімдер сөз болып, Кеден одағы бойынша соңғы ақпараттар жарияланды», деп жазады газет.

Кеден одағы аясында жүр­гізіл­ген сауда-саттықтың 9 айдағы қо­ры­тындысы бойынша қазақ­стан­дық өнім экспорты Ресейге 48 пайызға артқан. Бұл көрсеткішке шикізат, өңдеу тауарлары есебінен қол жеткізілген. Ал Беларус еліне шығарылған мұнай өнімдері, аллюминий есебінен экспорт екі есеге өскен көрінеді. Қазақстан, Беларус, Ресей елдерін біріктіретін біртұтас эконо­микалық кеңістіктің құқықтық ба­засы 17 негіз қалаушы келісімнен тұрады. Олар тауарлар қозға­лы­сын, қызмет көрсету мен капи­тал­ды реттеп отырады.

«Алаш айнасы» басылымы «Басшыны жазалау басқаға ой сала ма?» деген мақаласында елімізде жоғары звенодағы менеджерлерді фидуциалды заң қабылдау арқылы директорлар кеңесінің мүшелерін жауапкершілікке тарту туралы бастаманы Қаржылық бақылау агенттігі көтергендігі жөнінде хабарлайды. Газеттің жазуынша, егер компания дефолтқа ұшыраған болса, оның шығынын директорлар кеңесі толығымен өтейтін болады. «Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұлайша заңды қатайтамыз деп, еліміздегі рейдерлік әрекетті күшейтіп жіберуіміз ықтимал», дейді «Алаш айнасы».

Сонымен қатар газеттің осы санында «Аутизмге шалдыққан балалардың жайын кім ойлайды?» атты мақала шықты. Онда аутизм ауруына шалдыққан балалардың әлеуметтік қырларына үңілген газет, Қазақстанда осы кеселге душар болған жандардың қамын күйттейтін тиімді көмек көрсету жүйесінің әлсіздігіне назар аудартады.

«Әлемдік статистика бойынша, 2000 жылы 10 мың балаға шаққанда 4-5 адамнан келген. Американың сырқатты бақылау және алдын алу орталығы сарапшыларының айтуынша, АҚШ-тағы 110 баланың біреуі осы дертке душар болған», делінген мақалада. «Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт артқаны байқалады. Тіпті күмәнді деген деректердің өзі бұл сырқаттың қазақстандық балалардың арасында кең таралып бара жатқандығын көрсетеді. Мәселен, Алматы облыстық психологиялық-педагогикалық кеңес беру орталығының статистикалық есебіне сүйенсек, 2003 жылы аутизмге шалдыққан - 77 бала, 2006 жылы - 255 бала, 2009 жылы 326 бала тіркеліпті».

Ал «Айқын» газеті өзінің бүгінгі санында «Рецессия бола ма деген қауіп бар» атты мақаланы оқырмандарға ұсынып отыр. Мақалада: «Сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы дағдарыстың ауылы ипотека емес, нарықтың өзі қақырап, қамыстан салынған үй секілді дауылға шыдай алмай, ұшып кеткелі тұрған сыңайлы. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, 2007 жылы қарсы беттен тұрған жел енді бағытын өзгертіп, жан-жақтан үрлейтін көрінеді», деп жазады газет.

Дүниежүзілік банкі дайындаған «2011 жылғы әлемдік экономиканың жағдайы мен перспективалары» деген баяндамаға көз жүгіртетін болсақ, Азияның дамушы елдерінің ІЖӨ бойынша көрсеткіштері 2011-2012 жылға қарай 7 пайызға дейін баяулайтын көрінеді. Таяу Шығыс пен Батыс Азия елдерінде экономика өсімі 4,4-4,7 пайызға баяуламақшы. ТМД елдері мен Грузияда алдағы жылдары ІЖӨ 3,5 пайызға өспек, әйтсе де, ол биылғы жылы 4 пайыздай қосқан болатын. Яғни өсім артпайды, қайта төмендейді деген сөз. Ал дамыған елдердің көрсеткіштері біздікінен де тым төмен. Мысалы, Жапония алдағы жылы ішкі жалпы өнімде бар болғаны 1,1 пайыз ғана қосады деп күтілуде. 2012-де болса, 1,4 пайызға әупірімдеп жетпек. Ал Еуродақ елдеріндегі көрсеткіш 2010-де - 1,3, 2012 жылы 1,9 пайыз болмақ.

«Журналистер Жерар Депарьдемен жүздесті» деп жазады «Астана ақшамы» басылымы. «Кеше «Қазақстан» орталық залында режиссер Сәбит Құрманбековтің «Tanaris Production» киностудиясы мен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесе түсірген «Кешіккен махаббат» атты көркем сюжетті фильмінде басты рөлдерде ойнаған белгілі француз актері Жерар Депарьде, Болат Қалымбетов, «Tanaris Production» киностудиясының директоры Сергей Әзімов, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Президенті Ермек Аманшаев журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізді», дейді «Астана ақшамы».

«Маған қазақ киносына түсу өте қатты ұнады. Өйткені онда шындық пен өмір бар. «Кешіккен махаббат» фильмінің түсірілімі барысында қазақстандық актерлерге қатты бауыр басып кеттім», деп ағынан жарылды француз актері баспасөз жиынында.

«Кеше Ақорда сарайында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті», деп хабарлайды «Казахстанская правда» басылымы. Газеттің жазуынша, бұл отырыста мемлекеттік наградаларға ұсынылатын тұлғалардың тізімі жасақталды. Бұл жөнінде толығырақ «Награды - достойным» атты материалдан оқи аласыздар.