Келісімшарт міндетін орындамаған кәсіпкерлер қандай жағдайда айыппұл төлемейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов шекарадағы кедергі кесірінен міндеттемелерін орындай алмай жатқан кәсіпкерлердің мәселесі тураы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімшарт міндетін орындамаған кәсіпкерлер қандай жағдайда айыппұл төлемейді

Мәжіліс депутаттары Қытай шекарасындағы форс-мажорға байланысты міндеттемелерін орындай алмай отырған кәсіпкерлердің мәселесін айтып, Үкімет басшының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған болатын.

«ҚР Азаматтық кодексінің 359-бабы бойынша, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған адам, егер тиісінше орындау еңсерілмейтін күштің, яғни төтенше және осы жағдайларда болмай қоймайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан мүмкін болмағанын дәлелдей алмаса, мүліктік жауапкершілік арқалайды. Нарықта міндеттемеде көрсетілген қажетті тауардың, жұмыстардың немесе қызметтердің болмауы бұл жағдайға жатпайды», - деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, форс-мажор жағдайларының туындауын куәландыру немесе оны беруден бас тарту туралы шешім өтініш беруші ұсынған ақпарат пен құжаттарды зерделеу және талдау негізінде беріледі. Сондықтан нақты құқықтық қатынастар шеңберінде міндеттемелерді орындау мүмкіндігіне қандай да бір мән-жайлар мен олардың салдарының әсерін дәлелдеу (құжаттамалық растау) ауыртпалығы өтініш берушіге жүктеледі.

«Сонымен қатар, «ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы бойынша ҚР Сыртқы сауда мәмілелері мен халықаралық шарттарының талаптары форс-мажор жағдайларын куәландыру жөніндегі функциялар, респулика аумағындағы сауда және порт рәсімдері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыретіне жатады», - делінген жауапта.

ҰКП ақпараты бойынша қызметтер құны мынадай:

- форс-мажор жайдайларының болуы/ болмауы мәніне құжаттарды талдау құны қосымша құн салығын есептемегенде – 15 АЕК;

- шарт бойынша орындалмаған міндеттеме сомасының 1%-ы, бірақ форс-мажор мән-жайларын және Hardship мән-жайларын куәландыру құны қосымша құн салығын есептемегенде – 850 АЕК-тен артық емес.

«Төлемнің екінші бөлігі куәлік берілген жағдайда алынады. Басқа жағдайда қайтарылмайтын сома болып табылатын төлемнің бірінші бөлігі ғана төленеді. «2020 жылғы 27 наурыз бен 31 қазан аралығында «Атмаекен» ҰКП бизнесті қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолдана отырып, қызметтің бұл түрін ақысыз негізде көрсеткенін атап өту қажет. Форс-мажорды куәландыру үшін ақы алу практикасы халықаралық практикада бар. Куәліктің құны айыппұлдар, өсімпұлдар немесе орындалмаған міндеттемелер сомасының 1%-ын құрайтынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, бизнес субъектілері даулы жағдайларды шарт талаптары аясында сотқа дейінгі рәсімдер арқылы реттеуге құқылы», - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары форс-мажор туралы анықтаманың болуы міндетті емес екенін, ал куәліктің өзі міндеттемелерді орындаудан сөзсіз босататын құжат болып табылмайтынын, ал сот бұл анықтаманы даудағы дәлелдемелердің бірі ретінде ғана қарайтынын атап өтті.

«Мұндай жағдайда ықтимал даулар бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады. Көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын және рентабельділік пайызын ескере отырып, бұл шара шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жүктемені арттырады. Ал ірі бизнес субъектілері елеулі жеңілдіктерге ие болады. Осыған байланысты ҰКП қолданыстағы тарифтерге өзгерістер енгізуді орынсыз деп санайды», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.