Кем дегенде 180 теңге болсын: Алматы автопарктері жолақыны 20 теңгеге көтеруге қарсы шықты

Автобус лето жаз Астана
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қоғамдық көліктің жолақысын 20 теңгеге көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қала әкімі қаулысының тиісті жобасы талқылау үшін Ашық НҚА порталына жарияланды.

Алматы қаласының жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы атап өткендей, кейбір автопарк иелері аталған тариф шығынды жаппайды деп отыр. 

«Ұсынылған 120 теңге автопарктің мәселесін шешпейді. Маршруттағы орташа тариф 310 теңге болғанда, жолақы кемінде жартысы, яғни 180 теңге болуы керек. Бәрі кондиционері бар жаңа автобуспен жүргісі келеді, сондықтан сапалы қызмет үшін тиісті төлем болғаны дұрыс. Әкімдік бізге кем дегенде 170 млн теңге тұратын электрмен жүретін автобустар сатып алуға шарт қояды. Сонымен қатар, маршрут саны көбейіп жатыр, оларға қызмет көрсету үшін жүргізушілер қажет. Ол үшін оларға бәсекеге қабілетті жалақы төлеуіміз керек. Сондықтан бұл — шамалы ғана өсім», — деді City-Bus ЖШС директоры Абылай Өстемір. 

Қазір Алматыда қоғамдық көліктегі тариф құны қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге мөлшерінде белгіленген.

Әкімдік қоғамдық көлікте жол жүру құнын 20 теңгеге қымбаттатып, 120 теңгеге дейін арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ, жүргізушілер ақша жинауға алаңдамауы үшін қолма-қол ақшамен төлемді алып тастау да жоспарда.

Бұған дейін Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы өзгеретінін жазған едік.  

Соңғы жаңалықтар
telegram