Кемел Ақышев «Алтын адамды» тауып, оны тәуелсіз Қазақстанның брэндіне айналдырды - Дархан Мыңбай (ФОТО)

Көрме Кемел Ақышұлының Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясына қатысты бай мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан. Көрмеге К. Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу орталығының қатысуымен әзірленген археологиялық артефактілер мен фотоқұжаттар және ғалымның жеке заттары қойылады. Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай сөз сөйледі. - Кемел Ақышев Қазақстан археологиясының негізін қалап қана қойған жоқ, үлкен мектеп қалыптастырды. Бұл мектептің маңызы жылдан жылға арта береді. Біз әлі ол кісінің мұрасын толық зерттеп болған жоқпыз. Кемел Ақышев Қазақстанның ғылымына ғана емес, адамзат ғылымына қомақты үлес қосты. Алтын адамды тауып, оны тәуелсіз Қазақстанның брэндіне айналдырды. Кемел Ақышевтың 90 жылдық мерейтойына арналған көрмені бүкіл ғалымдарға және ғылыми жұмыстарға деген құрмет деп қабылдау керек. Өйткені, нағыз ғылыми жұмыс ешқашан құнын жоғалтпайды, - деді Дархан Мыңбай. Көрмеге К.Ақышевтың әріптестері мен достары және туған-туыстары қатысты. Олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, антрополог Оразақ Ысмағұлов болды. «Бүгін атқарылып жатқан іс сырттан қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда оның мәні мен маңызы, көтерер жүгі ерекше. Себебі, Кемел Ақышев бар ғұмырын археология саласына сарп етті. Оның осы салада ұлықталуы, құрмет көруі заңдылық. Археология - кез келген елдің тарихының қақпасы саналады. Бізге сол қақпаны археолог Кемел Ақышев ашып берді, - деді ол. Сонымен қатар, бүгін «Тәуелсіз Қазақстан археологиясының даму үрдістері мен келешегі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Е.Бөкетов атындағы ҚАРМУ профессоры Сағындық Жауымбаев, «Көкше» Академиясының профессоры Виктор Зайберт, Е. Бөкетов атындағы ҚАРМУ доценті Виктор Варфоломеев және К. Ақышев атындағы Ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ғалымның жары Марал Хабдулина баяндама жасады. Естеріңізге сала кетейік, Кемел Ақышев тұтас Еуразия кеңістігіне әлемге мәшһүр болып отырған «Алтын адамды» тапқан археолог ретінде танымал. Ол әр жылдары Бесшатыр, Отырар қорымдары мен ежелгі және ортағасыр мәдениетіне қатысты ескерткіштердің қазба жұмыстарына жетекшілік еткен. Оның жетекшілігімен Астанадан 5 шақырым жерде, Бұзықты өзенінің Шығыс жағалауында орналасқан Бозоқ қалашығы табылды. К.Ақышев 200 ғылыми еңбек пен 15 кітаптың авторы. «Құрмет», «Жеңіс», «Парасат» ордендерінің иегері. К.Ақышевтың есімі Қазақстанның Алтын құрмет кітабына енгізілген.