Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында Кемел Тоқаев атындағы IX республикалық детектив шығармалар байқауы қорытындыланып, үздік авторлар марапатталды.

в
Фото: Абай облысы әкімдігі

Әдеби доданың қорытынды шарасына Абай облысының әкімі Берік Уәли, «Заң» Медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, журналист Дәулетхан Жиенқұл, Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Шақпантаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Заң» Медиа-корпорациясының бастамасымен қолға алынған байқау еліміздің бірқатар өңірінде ұйымдастырылып, детектив жанрында қалам тербейтін авторларды қолдауға бағытталған. Биыл әдеби дода алғаш рет Абай облысында өтті.

а
Фото: Абай облысы әкімдігі

Аймақ басшысы қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жанрын дамытуда байқаудың өзіндік орны қалыптасқанын атап өтті.

– «Қазақ детективінің атасы» атанған Кемел Тоқаевтай жазушының мұрасын жаңғыртып, кенжелеп қалған жанрдың дамуына қозғау салған бұл байқаудың өміршең, ел игілігіне қызмет ететіні алғашқы қадамынан-ақ байқалған болатын. Оны шытырман шығарма жазуға деген қызығушылар санының жыл өткен сайын артып келе жатқанына қарап бағамдау қиын емес. Соның арқасында қазақ детективінің қоры да көркем, сындарлы, соны шығармалармен толыға түсті. Бұған дейін еліміздің әр түкпірінде желкенін жайып, детектив жазуға қабілеті бар жандарды ынталандырып келген байқаудың жалауы биыл киелі Абай елінде желбіреп отыр, – деді Берік Уәли.

Биыл байқауда жүлдеге іліккен 15 үздік шығарма алғаш рет қорытынды шараға дейін «Соны соқпақ» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Семейдегі қорытынды шарада өтті. Жинаққа Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің Кемел Тоқаев туралы естелігі де енгізілген.

в
Фото: Абай облысы әкімдігі

Байқауға ұсынылған шығармаларды журналист, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған қазылар алқасы саралады. Қазылар құрамында жазушы, журналист Серік Әбікенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт және құқық саласының ардагері, адвокат Бауыржан Ахметов болды.

Байқаудың бас жүлдесін «Ақ көйлек» шығармасымен ақын, жазушы Әділбек Ыбрайымұлы жеңіп алды.

Бірінші орын «Медбикенің мінәжаты» шығармасының авторы Алдажар Әбіловке берілді. Екінші орынды «Қоңыр қайысқа түскен таңба» шығармасымен Закира Нұрланқызы және «Ала жіп» шығармасымен Болай Бердиева иеленді.

в
Фото: Абай облысы әкімдігі

Үшінші орын «Батпырауық» шығармасының авторы Сабырбек Олжабайға, «Қармақ» шығармасының авторы Мирас Мұқашқа және «Оянбаған әке» шығармасының авторы Асхат Өмірбаевқа бұйырды.

Абай облысының тумалары Аружан Мұсатаева «Алданған арман» шығармасы үшін, Сая Иса «Пианистің ажалы» шығармасы үшін ынталандыру және арнайы жүлделермен марапатталды.

Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы келесі жылы он жылдығын атап өтеді. Ұйымдастырушылар мерейтойлық доданы жаңа форматта өткізіп, бұған дейін бас жүлде мен бірінші орын иеленген авторлар арасында детектив повесть жанры бойынша шығармашылық сайыс өткізуді жоспарлап отыр.

ы
Фото: Абай облысы әкімдігі

Айта кетейік, Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі саналады. Бұған дейін қаламгердің шығармашылығы, оның қазақ детективімен қатар отандық кино сынының қалыптасуына қосқан үлесі туралы жазған едік.